АБАЙ ДАҢҒЫЛЫ БОЙЫНДА
Сен жаяу да, мен жаяу,
Екеумiз де – Ақынбыз.
Сен баяу да, мен баяу,
Қарсы келе жатырмыз.
Замананың көлiгi
Жанымыздан зулайды.
...Ен даланың Елiгi
Ендi сағым қумайды.
Өткен күннiң бәрi аңыз,
Уақытта жоқ күту.
Қалаңыз да далаңыз
Сағым емес, көк түтiн.
Елсiз көңiл көнши ме?
Ер салайын атқа мен.
Қыдыр болсаң, еншi үйге,
Құмыр болсаң, баққа қон!
Енбе кейiн түсiме,
Сахараңда сенделiп.
Желбегейiң iшiне
Кетейiншi мен де енiп!
...Көкiрегiн дау керген,
Айлалы да айбарлы
Көлеңкесiн жау көрген
«Қыр қазағы» қайда әлгi?
Өзгермептi оншама,
Баса алмапты аптығын.
Жалқау қазақ болса да,
Аңқау қазақ жоқ бүгiн.
Басына бақ қонса да,
Бәсi бақыр тоқтының.
Мәңгүрт қазақ болса да,
Аңғырт қазақ жоқ бүгiн.
Елдiң қамын жемейдi,
Ерқаштылар жиналған.
Қырт пен қиқым көбейдi,
«Бас басына би болған».
Көкiрегiм ырықсыз
Көмбесiндей көп ойдың.
Өңi бүгiн сұрықсыз
Өзiң барған Семейдiң.
Бармақтайын бақ қонбай
Байғұс қалай тыншиды?
Онегиннен хат келмей,
Татьяна сыңсиды...
Өксiп өмiр өткендей...
Кiм толтырар олқысын?
Тоғжан да ұзап кеткендей
Сыңғырлатып шолпысын...
Хас арудай тұншыққан
Қара бұлтқа батқан Ай.
Сен де, сен де сыңсып қал,
Әйгерiмнiң тәттi әнi-ай!..
... Көк теңiзден аумайды
Кейде ақынның көңiлi.
Жанымыздан заулайды
Замананың көлiгi.
Залалы жоқ ешкiмге
Зар илеген пақырмыз.
Кең даңғылдың үстiнде
Жаяу келе жатырмыз.
Ұғынғанға – ұлымыз,
Бұғынғанға – бөтенбiз.
Бiрiмiзге-бiрiмiз
Қашан жетер екенбiз?..