10.09.2022
  114


Автор: Исраил Сапарбай

Ақылымнан болса егер айлам басым...

Ақылымнан болса егер айлам басым,
Жағдайымның сезер ме ем жәй болмасын.
Қалтылдаған қайықтай күй кештiң-ау,
Қалталының қасында, қайран, басым...
Бағым құнсыз,
Бүгiнде бағам бақыр,
Бар болмысын ақтарып заман жатыр.
Жалмауыздың аспаны еңсемдi езiп,
Жәдігөйдiң қос қолы жағамда тұр.
Залал қылық болмаса затында елдiң,
Ақ кiреуке шалар ма ақын көңілiн?
Құдай сөзiн құп алмай қу дүние
Ауызына қарап тұр әкiмдердiң.
Әрқайсысы орнатып сарайшығын,
Сарайшықтың келтiрер бар айшығын.
Аралықта ақын жүр,
Ақиқат пен
Адалдықтың ашам деп қалай сырын.
Замананың айтпаққа зайыр шынын,
Таудың тарттым куәға айыр шыңын.
Сапарына iлесiп сығандардың,
Қатарына қосылдым қайыршының.
Ақын қашан жан баққан?
Дамыл тапқан?
Ери қоймас жәй сөзге қаным қатқан.
Өлеңшi мен сақтасын өлерменнен
Өле-өлгенше Сарайдың сәнiн баққан!





Пікір жазу