meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  10.09.2022
  156


Автор: Исраил Сапарбай

КӨЛ

Жасыл құрақ –
Мендегi асыл мұрат.
Көл жасадым көзiмнiң жасын құрап.
Көкшеқұрақ,
Көкмоншақ көлiмдi де
Жаудан, жаттан келедi жасырғым-ақ.
Күмiс көлдiң –
Жағасын пүлiш тонның
Сағалауды саяқ кеп дұрыс көрдiм.
Екi аяқтың мен мұнда еркiне ерiп,
Екi қолға мен мұнда жұмыс бердiм.
Екi көзбен маңайды мың аймалап,
Құрағыма құнықтым құлай қарап.
Мұнда жүрсем басылар көңiл мауқым,
Мұнда жүрсем ашылар шырай, қабақ.
Құйрығымен су бетiн сабап қалып,
Асыр салар айдында шабақ балық.
Ертелі-кеш басылмас құс базары,
Аққу жүзiп,
Қаз, үйрек қанат қағып.
Айдын көлдi айшықтап лағыл өрнек,
Жағасында табылар жаныма ермек.
Көкшiл мұнар көмкерген көлдiң суы
Көз жасымдай әрi ащы, әрi кермек.
Көз жасынан жаралған көлiм менiң,
Неге сонша саласың көңiлге мұң?
...Көлтауысар заман-ай, көнi кепкен,
Не көргенiң бар сенiң,
Не бiлгенiң?..





Пікір жазу