10.09.2022
  110


Автор: Исраил Сапарбай

Байғұс, Өлең...

Байғұс, Өлең,
Бақ, талап тайды сенен.
Көкiректi қамады қайғы, шемен...
Дәмегөй де,
Даукес те,
Дәлдүрiш те
«Бұлбұлмын, – деп бағады, – жәй құс емен!»
Бал тамудың орнына таңдайыңнан,
Ағып түстi шоқ жұлдыз маңдайыңнан.
Арбасып жүр ақынмен әлдекiмдер,
Жармасып жүр Абайдың шалғайынан!
Алтын едiң...
Қайтейiн, мысқа айналдың.
Қанатынан қайрылған құстай болдың.
Қанатынан қайрылған құс болған соң
Абай алған биiкке ұшпай қалдың.
Алмас қылыш –
Қайдасың асыл нұсқа?
Тидi ме әлде көз оғы Лашын құсқа?..
Құлағыңның құрышы қалай қанар,
Бiр бұлбұлдың мың қарға нәшiн бұзса?!
Шың басына...
Қайтер ем шыбын қонса?
Құның қанша?
Көретiн күнiң қанша?..
«Құдаймын» деп жүргендер,
Құлдық ұрып,
Қайтер едi бiр сәтке құлың болса?!





Пікір жазу