10.09.2022
  115


Автор: Исраил Сапарбай

Кiмге құлап...

Кiмге құлап,
Апыр-ай, кiмге сенем?
Сарқылғандай саумал нұр, Күн де, сенен!..
Саясаттың сазайын беретiндей
Уақытпен жазайын үндес өлең!
«Өзiңе сен» деушi едi Ұлы атамыз...
Құздан неге көңiлдi құлатамыз?
Еңсемiздi еземiз неге сонша?
Неге сонша жүректi жылатамыз?
Ақында – тiл,
Батырда қылыш – қару,
Ер-тұрманға ерiтiп күмiс тағу.
Қайда жүрсе, жарасар екеуiне
Қан майданда қаймықпай ұрыс салу!
Түсiн, мейлi,
Жайымды түсiнбе, елiм,
Қан майданның мен қазiр iшiндемiн!
Махамбеттей жортуыл жырын жазып,
Исатайдай илiкпес пiшiндемiн!
Жалғыз шауып белгiлi бәйге алмасым,
Жайбарақат және де жайланбасым.
Қараңды бiр көрсетшi осындайда
Қайран, досым,
Бола алсаң майдандасым?!





Пікір жазу