10.09.2022
  103


Автор: Исраил Сапарбай

Әркiмнiң мақсаты өз керегiнде....

«Әркiмнiң мақсаты өз керегiнде,
Бiле алмадым пысығын, зерегiн де...»
Мен терерлiк маржаның, қайран, Абай,
Телегейдiң жатыпты-ау тереңiнде...
Ойран салар кезiм көп ожданыма,
Ойша өзiңнiң соңыңнан ерерiмде.
Қанша зарың дарымай зая кеттi
Құлағымның тас бiтеу кереңiнде?.
Кер заманға бетпе-бет келерiмде
Кемдiгiм де, бiлiндi, кемелiм де.
Ел басына күн туған шақта мынау
Ендi қандай хақым бар бөгелуге?!
Жүгiм барын сезiнем,
Жұрттың қамын
Жұмыр басты пендедей жегенiмде.
Үнiм барын сезiнем,
Ұлы сөзге
Ұятымды, арымды жегерiмде!
Екi айрылар ұның да, кебегiң де
Дүниенiң еленсең елегiнде.
Талай түйiн шешiлер,
Сұм жалғанның
Сезiне алсаң сырын да, себебiн де.
«Сырт көз сыншы» болғанмен, кiм бiлiптi,
Не жатқанын зердемде, зеренiмде?..
Қанша мұңым қозыдай маңырап тұр
Көңiлiмнiң көң жұққан көгенiнде?..
Астар-тысын аңғарсаң Ақиқаттың,
Ажал ма екен айыпты тек өлiмге?
Қу жатпай ма аңқаудың құшағында?
У жақпай ма ұшына жебенiң де!
Жай сөзiңе жiбiмес,
Шер боп қатқан
Кеудемдегi шерiм де, шеменiм де!
Терiсiнен жел соқса,
Терек түгiл
Теңселмей ме еңсегей Еменiң де?!
Аламанға шақырып әлдебiр күш
Атой салып жатқандай ереуiлге!
Күн де өртенiп iшiнен батады екен
Құшағына құрдымның енерiнде...
Қайран, Абай!
Өкпе артқан көне күнге,
Өксiмеймiз екеумiз неге бiрге?
Зер салмайтын зар бар деп өлеңiнде
Сөгерiң де сол елiң,
Сенерiң де!..





Пікір жазу