МЕНТАЛИТЕТ
Сағым қуған сахара саяғындай,
Заман көшi заулайды баяғыдай.
Алты жасар баладан аумай қалған
Адал, аңғал құлыңды ая, Құдай.
Алты жасар баладай қылығы бар
Бұл халықты кiм аяп, кiм ұғынар?
Қанша үмiтiн,
Ұзатты ол қанша арманын
Айы мұңды аспанға, күнi мұнар?..
Қиын заман туса да құйындаған,
Дастарханын қайтерсiң жиылмаған?!
Өмiрiне,
Көл көсiр көңiлiне
Ықылымнан ынтымақ бұйырмаған.
Сұрағанға дей жүрiп «мал-жан аман...»
Елiң де осы ертеңiн болжамаған.
Қармағына iлiнiп алтын балық,
Бармағымен түсiнде бал жалаған.
Әдет шiркiн қала ма қанға сiңген?
Әлi күнге келедi арбасумен,
Жалқаулығын қайтерсiң алабөтен
Алтын басып жатқандай жамбасымен!
Мамыр заман сезбестен өткендiгiн,
Ақырзаман сезбестен жеткендiгiн,
Құдайдың бiр пендесi ұйқылы-ояу
Түсе қалған сияқты көктен бүгiн!
Тәттi ұйқыға қашанғы қанбайды адам?
Қайран, қайрат, қайдасың қанда ойнаған?!
Көкжиекке көз сатып шалғайлаған,
Көш соңында iлбiген қандай жаман?..