10.09.2022
  116


Автор: Исраил Сапарбай

АТАМЕКЕНГЕ АРЗУ

Көптi көрген көнекөзiм, көнтерiм,
Бүгiнiңнен бұлыңғырлау ертеңiң...
Өмiрiңдi ойлай-ойлай өксiдiм,
Өксiдiм де өзегiмдi өртедiм.
Өрт орнында күл қалады...
Iшiм – күл.
Өрт пен дерттiң көршi екенiн түсiндiм.
Сарқылғаны шығар, бәлкiм, сабырдың,
Таусылғаны шығар, бәлкiм, күшiмнiң.
Ашылғалы таңғажайып тылсымың
Саған қадап жатқандар көп тiл сұғын.
Үзер ме едi жұлымырдың жұлынын!
Бұзар ма едi сұғанақтың тұмсығын?!
Жау жағадан,
Бөрi етектен алғанда,
Қарқ-қарқ күлiп бағады екен қарғаң да.
Тағдырыңды талапайға қалдырып,
Не бiтiрем Жұмақжайға барғанда?
Аш қасқырдай торуылдап үй-жайды,
Әлдекiмдер сенi маған қимайды.
Келiмсектiң көз алдымда кердеңдеп,
Өлiмсектiң өңмеңдеуi қинайды.
Ата-бабам аманатқа қалдырған
Шаңдақ қалды-ау шашетектей шалғыннан.
Қай жауыздың өңменiне қадалар
Қара көзiм қанталаған, қан жуған?
Асқынғалы арам ниет,
Аш пиғыл,
Қарашадай қабағымды тас түйдiм.
Көлпар көңiл өзiме де обал жоқ
Қаңғып келген қайдағы итке ас құйдым.
Әлденген ит арпылдауды шығарды,
Төрге озудан тартынбауды шығарды.
Буға пiсiп көкiрегi көнектей,
Суға түсiп салқындауды шығарды.
Ен жайлауды еншiм деудi шығарды,
Кең қойнауды кенiшiм деудi шығарды.
Қағанатты қарағайдай бұтарлап,
Жамағатты менсiнбеудi шығарды.
Шайтан шуы,
Жайлаған соң жын үнi,
Тiршiлiктiң ылайланды тұнығы.
...Өз жұртынан ауып кеткен аулаққа
Кәрi төбет Айға қарап ұлыды.
Атамекен,
Айналайын, ұлы өлкем,
Не болады?
Не қалады күнi ертең?..
Сенсiз қалай атам қазақ атанып,
Сенсiз қалай ғұмыр кешiп, күнелтем?
Бiр айрылсаң Ұжмағыңдай ұяңнан,
Қайта жасау қиын болар қиялдан.
Жаным пида!
Қасық қаным қалғанша
Қарыс жердi қас пиғылға қия алман!!!





Пікір жазу