10.09.2022
  89


Автор: Исраил Сапарбай

УАҚЫТ КӨШI

Өткелiнен өткен соң өндiр жастың
Дәмi кермек тартады мөлдiр жастың...
Айтары мен байқары аз пақыр болсам,
Үлгi ұсынып ұрпаққа оңдырмаспын.
Қарияның аузына қарап өскен
Шығармайық кешегi баланы естен.
Парыз қалды қаншама өтелмеген?
Аңыз қалды қаншама арада өшкен?..
Жылдар өттi қаншама iзiм-қайым,
Жел ұшырған Аралдың тұзындайын...
Жесiр қалсам, қалайша желiкпейiн?
Жетiм қалсам, қалайша бұзылмайын?!
Тарих жайын айтқанда,
Тiл күрмелiп,
Жаба тоқып жауырды бiлдiрмедiк.
Түркiстанның түгендеп түп атасын,
Отырарды қазып та үлгiрмедiк.
Бiлiмдi елге бiр мезгiл ұқсап көрiп,
Қырымды iздеп,
Ұрымды ұқсақ дедiк.
Нұх пайғамбар кемесi көзге елестеп,
Қазығұрттың басына шықсақ дедiк.
Адыр-бұдыр алаңын кемiс көрiп,
Иассауидiң маңайын тегiстедiк.
Жұлдыздарға қарадық ойсыз, қамсыз,
Жүзiмдiкте жүргендей жемiс терiп.
Жанып-өшкен жарықтай маңдайдағы,
Көз ұшынан Уақыт шалғайлады...
Бiр кездерi Үш жүздiң басын қосқан,
Ордабасы жайлауын мал жайлады.
Жасырынған жарлыдай жертөледе
Жоралғымыз, жолымыз келте неге?
Есендiктiң, елдiктiң белгiсiндей
Ту тiкпеймiз нелiктен сол Төбеге?!
Аңшыдайын адасқан қансонарда
Қанша сорға кез болдық,
Қанша лаңға?..
Жасақ жинап «Абылай алаңына»
Жекебатыр найзасын алса қолға!
«Қаратаудың басынан көш келедi,
Көшкен сайын бiр тайлақ бос келедi...»
Қаралы зар,
Қара өлең,
Қаралы көш,
Салып кеттiң, апыр-ай, еске ненi?..
Кемiргенде кеуденi жегi-қайғы,
«Зар заманның» тоңдырар лебi бойды...
Ұлы жұрттың тағдырын таныр ма едi,
Есiне алса ұрпағы «Елiм-айды»?..
Қанша жан,
Қанша жүрек жаралы әлi?..
Жараның аузын ашсаң, қан ағады.
Бiр-бiрiн көрiп гүл де нәр алады,
Тiрлiгiң түгенделсең, оңалады.
Буынға жасыл бұтақ, бұла бақтай,
Атаның ақыл сөзi ұлағат қой:
Кәнеки, қарағайдай сыңсып тұрсақ
Араға әлдекiмдi сыналатпай!
Қашанда ынтымақтың тәттi өнiмi,
Басыңнан басқаға аумас Бақ де мұны.
Басылар күнi ертең-ақ жат желiгi,
Ерттеулi тұрса ердiң ат-көлiгi!





Пікір жазу