ТАЙҚАЗАН
Ассалаумағалейкум, Тайқазаным,
Салмағы сары алтынға сай қазаным!
Елжiреп ет-жүрегi сен дегенде
Көзiне жас алмайды қай қазағым?!
Көзiне жас алмайды қай мұсылман,
Қаймыққан қам көңiлi қайғы сұмнан...
Қолымыз саған жетпей қор болдық-ау,
Заманда зымыранын Айға ұшырған.
Өзiңдi кiмдер кеше жоқтамады,
Халiңнен хабар-ошар тоқтағалы?
Қазансыз қара ошақтың қаңыраған,
Орнында өшiп-бықсып от қалады...
Орныңда сен болмасаң, Бас қазаным,
Қазақтың кiм бағады қас-қабағын?
Әр аңыз ақиқатқа айналсын деп
Бабамыз жазып кеткен тасқа Заңын!..
Күңiренiп күллi Түркi шаңырағы,
Қанша жыл орның босқа қаңырады?..
Қазанын көрiнгенге бере берсе,
Қазағым санын әлi сан ұрады!
Ежелден Қазан – Қазақ егiз негiз,
Тең келер екеуiне ел iздеңiз!!!
Даланы от басында көзбен шолып,
Баланы от қасында емiзгемiз.
Жекпедi тағдыр бiздi қай қиырға,
Көргенбiз неше түрiн қайғының да...
Қанша жыл Эрмитажда қаңсып тұрдың,
Айналып қатардағы жәй бұйымға.
Берекем сен екенсiң,
Кеш бiлiппiн.
Ес жиып,
Кеш те болса көшке iлiктiм.
Екiншi өмiрi ендi басталғандай
«Екiншi Мекке» деген ескi жұрттың.
Кезiнде босқа өртенiп,
Босқа күйдiм...
Келмейдi ендi басты басқаға игiм!
Түркiнiң Түркiстанда Туын тiктiк,
Күмбезiн жарқыратып Иассауидiң!!!
Қаратау сiлкiп қалып қырау басын,
Көгiмде көктем құсы тырауласын.
Үш жүздiң үш алыбы қайта оянып,
Аруағы Абылайдың бiр аунасын!
Тапқалы, Тайқазаным, тұрағыңды
Қасыңа қатар қойдым Құранымды.
Түркiстан – түркi елiнiң тұмары ғой,
Жоғалтып алмайыншы Тұмарымды!..