10.09.2022
115
Тақырыпсыз өлең
Абайдан соң жыр жаздым,
Бұрымын көріп қыздардың.
Мұқағалиға да еліктеп,
Қарайған тауға жүз бардым.
Тұма жыр аңсап шөлдедім,
Дәмін ап шөп пен шөңгенің.
Сезіндім іштей бір күні,
Жанартаудың мәңгі сөнгенін.
Абайлап сөйлер күн туды,
Тұмшалап қайғы күлкімді.
Құлқынның қамын ойлаған,
Ниет биледі-ау ұлтымды.
Кім-кімге күліп жағынды,
Аяқтан шалып дарынды.
Қалбаң қағып құзғындар,
Сындырды менің сағымды.
Жағасын жыртып жаманның,
Сиясын сығып қаламның,
Көр-соқыр мынау заманды,
Апырмай енді сабар кім?
Абайды қайдан табамыз,
Абайды қайдан аламыз,
Ұранға бәрі айналған,
Өткен күннің бәрі аңыз!