10.09.2022
  114


Автор: Талап Қараш

Озу

Анам Қанипаға
Кеттің озып жасанды бір атақтан,
Тас тұлғасын пенделерге қашатқан.
Тірлігіңде көрдің талай бәйгені,
Жүйріктерді жабыларға мататқан.
Әділ емес қазылардан түңілдің,
Ауырлығын сезініп жыр жүгіңнің.
Мұң сырыңды шағып қағаз қаламға
Таң алдында шабытыңа жүгіндің.
Сұрамадың лауреаттық ешкімнен,
Сықпытына паң кербездік ілестірген.
Аққулы арман айдынында гәккулі,
Әніңді айтып ескегіңді естің сен.
Озып кеттің көш соңында қалғаннан,
Манаурап бір қалғып кеткен таулардан.
Тірлігіңде сені алдап - арбаған
Құн дауламай-ақ қойдым арсыз жалғаннан...





Пікір жазу