10.09.2022
  101


Автор: Талап Қараш

Құс қанатындағы жыр

Болат Шарахымбайға
Көңілің менен қалды ма,
Жүгінсем бе екен алдыңа?
Құс қанатындағы жыр-досым,
Қалғыма, деймін, қалғыма.
Ірейді біреу-біреуді,
Қашырмақ болып үрейді.
Өзі мінсіз міскіндей,
Бойымен көкті тірейді.
Адалдан болсаң егер шын,
Сөзіме мынау сенерсің.
Академик деген атың бар,
Сын айтып мүмікн сөгерсің,
Сөгерсің дағы көнерсің.
Ел үшін соққан жүрегің,
Қазығұрт тауда түледің.
Бабаңа тартқан баталы,
Баһадүр ұлдың бірі едің.
Ылдиға аққан арындай,
Ғарыштан түскен сарындай.
Жырларың сенің қазақтың
Намысы менен арындай.
Жапырақ жайса көктерек,
Көктерекке от керек.
Не болса соған бүлініп,
Қайтеміз наз қып, өкпелеп.
Талқыға түсіп әз басың,
Көңілің бізден қалмасын.
Дертіңе бір күн ем жасап,
Жазармыз жырдың жалғасын.





Пікір жазу