10.09.2022
  165


Автор: Талап Қараш

...Той!

Босағасында ақ сарайдың,
Аңғарған жанға бар айбын.
«Отырар сазы» күй төккен,
Сол тұсқа үнсіз қараймын.
Жүзімнің суы құйылды.
Айтылған сөздер сұйылды.
Шүлдірлі шулы сәттерде -
Төгілді күйлер құйынды.
Сахна жәймен ашылды,
Шарапқа қанған ашулы,
Би билеп ығай-сығайлар,
Мырзаға шашу шашылды.
«Сайқалдар» ән сап есілді,
Сұғанақ көздер тесілді.
Төрдегі жайсаң төрелер,
Көсілді-ай дейсің, көсілді!
Босаға жақта қалмашы ,
«Отырар сазым» самғашы.
Ұлы арманның үзілген -
Сапарын мәңгі жалғашы.
Қанатын қашан жаяды?
Тұл - жетім күйдің аяғы.
Жарқ етер жасын таяғы -
Нұр-аға жоқ-ау баяғы..!





Пікір жазу