10.09.2022
98
Көк базардағы кездесу....
Жаза бер, өлеңіңді тастамағын,
Үзілмей жер бетінде аспан әнің.
Жүрегің бұлқынады күндіз-түні,
Мінезін көтере алмай тас қаланың.
Дем жетпей базар іші алқынасың,
Көңілдің ағытсам деп шалқымасын.
Қап әттең, қолың қысқа, қалтаң тесік
Әйтпесе ішер ме едік хан сырасын.
Адасып көк базарда жүрген ақын,
Жөнің бар мүшәйрада жүлде алатын.
Сусынын қандырасың шумақтармен,
Тұсыңнан өткендердің жұмбақ ақын.
Өзіңді елден ерек сезінесің,
Өткеннің еске салып шежіресін.
Соңында жүріп күйкі дүниенің,
Жыр оқып оңашада езілесің.
Жаза бер өлеңіңді тастамағын,
Бағып бір поэзияның қас-қабағын.
Өзіңсіз жандана ма көк базардың,
Тірлігі елең-алаң басталатын...