КӨЗІМ ЖЕТТІ
Періштелер - достарым Аспандағы,
Шыңыраудан шықты алып, жасқанбады.
Көргендерім бұл менің үш ай ұйықтап,
Сосын қайта көзімді ашқандағы.
Құпиямды Кім едің ашатындай,
Қызулана кетемін жас ақындай.
Еркелегім келеді Адамзатқа,
Кеудесіне мені Олар басатындай.
Бір Алланы іздесең, Көктен ізде,
НҰХ пайғамбар кемесі көк теңізде...
МҰХАММЕД пайғамбар... Ол да тірі,
Құлдық ете беріңіз, сөкпеңіз де.
Иесіз емес Аспан асты мына,
Дұшпандардың түкірдім қастығына,
Алланың жолында жүргендіктен,
Сөйлеймін мен көзіме жас тығыла...
Санамда өткен өмір жүрген еді,
Өлген соң Адам басқа түрге енеді,
Кеудені тастап ұшып ЖАН кетерде,
Қиналып айтқым келді бірдеңені...
Жердің үстін келмейді тастағым да,
Өмірден үміт үзе бастадым да...
ҚАЗАҚ Елі, мен саған қайта оралдым,
Өліп, қайта тірілдім қасқағымда.
Қайта оралдым туған жер, мекеніме
Еріп кетпей ажалдың жетегіне...
Көзім жетті.., О, МҰҚА, бұл өмірдің,
Бір күндік сәуле ғана екеніне.