10.09.2022
112
МЕНІҢ ДРАМАМ
Тар көрініп қара жер үсті маған,
Кешір, ана, азапқа түсті балаң.
Қайда барсам, алдымды орап осы,
Қарап осы тұрады сұсты ғалам.
Жерден емес, жерідім табансыздан,
Шеңбері тар Шебердің маған сызған.
Түні бойы жыр жазып өмір сүрем,
Күні бойы күлемін амалсыздан...
Қайыры жоқ киімнен үстімдегі,
Құтылуға асығам... қыстың лебі...
Дауысымды ілестіріп кетті қанша,
Сағындырып жететін құстың легі.
Орман шулап, көз алдым тұманданып,
Өлең жазам қайтадан... мың алданып.
Ақсұнқардың Серігін оқимын да,
Қайта оқимын қолыма "Құранды" алып...
Кешір мені, ару күн, асыл ана,
Өстіп жүріп, өксігім басыла ма.
...Жердің үстін бір жұлдыз жарқыратып,
Ғажайып Әлеміне асыға ма?..