10.09.2022
  161


Автор: Тұрсын Жұмаш

ЖЕЛТОҚСАН ТРАГЕДИЯСЫ

Алматының алмасы үсіп кеткен,
Желтоқсанда жүрегім қысып кеткен.
Өзегімді
Өртеудей
Өртеп алып,
Менің қайғым ішіме түсіп кеткен.
Көшесінде болмадым Алматының,
Ауылда едім, ауылда қалды ақының.
Көз алдында
Әлемнің жұрдай болды -
абыройы партия солдатының!
Еркек болып туғаным осы ма деп,
Мен ұрыстым өзіме, досыма кеп.
Өлгім келді
асылып... мұсылманға -
Шейіт болу кәпірше, тосын әдет.
Қалш-қалш етіп қолыма пышақты алдым -
Атылғым да, келді рас, пышақталғым.
Құлағыма
сәбидің үні келіп,
Жылап тұрып, қызымды құшақтадым.
Құшағында баламның аман қалғам,
бір сүйеніш таба алмай жамандардан.
Балқантаудан
Алатау көрінбейді,
Көрінбейді ауылым, далам қардан...





Пікір жазу