10.09.2022
  116


Автор: Тұрсын Жұмаш

БАЛҚАНТАУ БАСЫНДАҒЫ ТОЛҒАНЫС

Мен осында, өзім құдай ерікті
Байлық-мансап емес өлең беріпті!..
Сағынамын Балташұлы Ермекті,
Көргім келіп Сұңқар ақын Серікті!
Сағынамын біріңді емес, бәріңді
Ауылдасым Сауғабаев Кәрімді...
Көкірегіме қайтқан құстың үні еніп,
Мен отырмын Балқантауға сүйеніп...
Туған жерге сәлем жолдап биіктен
Жылап-ұшып барады олар күйіктен!..
Сол құстардың мүмкін бірі шығармын ,
Құсқа айналып кетсем ұшып... шыдармын!
...Барады ұшып мені жалғыз қалдырып!.*
Ақындарға ұқсас құстың тағдыры,
Сол тағдыры көзіме жас алдырып!..
Қимайтыным қайталанбас үндері,
Қимайтыным қайталанбас күндері!
Қимайтыны... жалғыз құс деп алданба,
Қимайтыным жетіп жатыр жалғанда!..
Өлең арнап қыршын кеткен досыма
Көзіме жас алуым бір осы ма?!
Қимайтыным жары кетті басқаға,
Қимайтыным жаутаңдайды жас бала...
Қимайтыным жігіт еді ол дарын,
Маған қайтып ұсынбайды қолдарын...
Қимайтыным қайран өмір өзіңсің,
...Қимайтыным сайран өлең-сезімсің!
...Жауып тұрған жапырақ па, қар шығар!
Мені де бір қимайтын жан бар шығар
Балқантаудың басы бір күн ағарып,
Сосын қайта үзіледі тамшылар!..





Пікір жазу