ПЕНДЕЛЕР-АЙ
Табиғаттың бұзбайықшы салтын біз -
Жапырақта, тамшыларда, қыздарда...
Сен жақсысың, сен жылысың,
салқын күз,
Абай, Пушкин, Мұқағали, біз барда.
Адамдар-ай, айналайын адамдар,
Мен сөйлейін, тыңдаңдаршы ал,
тұрып:
Жалғыз апам, жалғыз ағам анам бар,
Қайда кетем мен оларды қалдырып?
Он төртімде өлең өріп өзімше,
Балалықтан даналыққа ауыстым,
Кешір, Алла, шайқап ішіп көзіңше,
Шарапты да іштім, болдым,
тауыстым.
Мен сенбеймін, Алла сенен басқаға,
Саған аян менің адал екенім.
Ақмола емес, аспанда ғой астана -
Сонда менің мекенім.
Кетіп қалмай соңында сол бір қыздың,
Кеттім жырдың орманына ендім де,
Күндіз-ақын, түнде - жарық
жұлдызбын.
Періштемін көрінбейтін мен күнде.
Пенделер-ай, айтқанымды түсініп
Бұл заманды демеңдерші ақырғы.
Мен сендерге көктен жарық түсіріп,
Иранбаққа айналдырам тақырды.
Талай таңды кірпік ілмей атырдым,
Ойға толы ауыр тартып тұр басым.
Аспан жаққа ұшып бара жатырмын,
Түсінбейді замандасым, құрдасым...