10.09.2022
  124


Автор: Кәрім Жұмағалиев

ТӨЛЕУТАЙДЫҢ РУХЫНА

(Жездем Төлеутай Рахымбайұлының қайтыс болғанына жиырма жыл толуына берілген Асына Семей қаласында оқылды)
Ойланып тұрмын, ойланып
Өткен-кеткенді, ойға алып.
Жиналған жұртты көрген соң,
Толғанып тұрмын, толғанып.
Жиырма жыл бұрын осыдан,
Төкеңді алғам жоғалтып.
Ажалдан алып қала алмай,
Жалғыз боп қалғам, сорланып,
Қимай оны өлімге,
Жылағам сонда зарланып.
Бүгінгі мына асында,
Төкеңді тұрмын ойға алып.
Жиырма жыл, бұдан бұрынғы,
Өзіңмен жүрген күнімді,
Қобалжып кетем, еске алсам,
Жайдарлы, жайсаң жүзіңді,
Зерек едің жасыңнан,
Меңгерген Заң мен білімді,
Естігім келіп тұрады,
Майда қоңыр үніңді,
Жиырма жыл өтіп кетсе де,
Ұмытқан жоқпын түріңді.
Асыңа келдім Сарамен,
Рухыңа арнап жырымды.
Тетелес өстім өзіңмен,
Ес білген сонау кезімнен.
Іштегі Менің сырымды
Сезуші едің көзімнен.
Еліктеп Саған ұқсауға,
Заңгер болдым төзінген.
Қасыңнан қалмай бір қадам,
Егіндей болып егілгем.
Балдызың емес өмірде,
Ініңдей болып сезінгем.
Жезде деген сөз маған,
Тіліме түспей безінген.
Сағынып келсең, қарсы алып,
Ақжарқын ыстық көңілмен.
Қуанып сонда қалушы-ем,
Орын беріп төрімнен.
Дастарханым жайылып,
Өзіңе деген пейілмен..
Айтпақшы болған ойыңды,
Қабағыңнан түсінгем.
Шикілеу менің кезімді,
Сен едің баулап пісірген.
Аға жоқ, менде іні жоқ,
Анамнан туғам жалғыз боп.
Сен алдымда жүргенде,
Ағамдай едің, көңілім тоқ.
Жалғыз жүрмін жиырма жыл,
Қасымда жүрген өзің жоқ,
Жалғыз апам Бәдиғұл,
Сені іздеп кетті, ол да жоқ.
Шемен боп қатқан ішімде,
Айтылмай жүрген сырым көп.
Бәдиғұл Сені, ол жақта,
Жұмақтан іздеп тапты ма?
Сағынып Сені кетіп – еді,
Қасыңа барып жатты ма?
Ол жақта өмір бар – деген,
Өтірік пе, әлде анық па ?
Ұрпағың өсіп келеді,
Оларды ойлап тарық па.
Біреудің арын таптамай,
Өтірікті жақтамай,
Өмірден өттің адал боп,
Ала жіпті аттамай.
Судья болып отыз жыл
Заң талабын сақтадың,
Қылмыстыны тезге сап,
Ақиқатты сатпадың.
Әділдікті ту етіп,
Кінәсізді ақтадың.
Тура биде туған жоқ,
Туған биде иман жоқ,
Деген сөзді жақтадың.
Шындықты іздеп өмірде,
Тиыш ұйықтап жатпадың,
Артыңнан ерген жастарға,
Ақыл болды айтқаның.
Ерте кеттің өмірден,
Зейнетке де, жете алмай,
Балаларыңның қызығын,
Сусындап, шіркін көре алмай.
Тыныбегің аумаған,
Аузыңнан түсіп қалғандай,
Полковнигін алғанын,
Көре алмай кеттің, жалған-ай,
Судья болып орныңда,
Отыр ғой Сені жоқтатпай,
Келінің анау Зақия,
Отыңды жағып тоқтатпай.
Күлкен, Гүлжиян, Анаргүл,
Күләндә, Маржан және Айгул,
Микай, Әсет, Тұрлыбек,
Кенжол менен Нұрғали,
Күйеу бала қыздарың,
Олардан туған ұрпағың,
Әдейі арнап артыңда,
Ас беріп жатыр Рухыңа,
Бүгінгі Сенің асыңа,
Келіпті түгел Халқыңда,
Туған туыс ағайын,
Көңілімді саған бұрайын,
Құран-хатымды Төкеңе,
Қабыл қылсын Құдайым,
Төкеңнен қалған ұрпаққа,
Денсаулық берсін ылайым.
Рахметімді, ұл-қызға,
Айтпай қайтып тұрайын.
Тірі болсаң егерде,
Келер ең, биыл сексенге
Тойыңды тойлап бәріміз,
Отырар едік осы жерде,
Қапаланып қайтейін,
Салауат айтам өткенге.
Іздеймін сені алаңдай,
Күтіп тұрамын қарайлай,
Жан-жағыма қарасам,
Қаламын бірақ, таба алмай.
Рухың ба?- деп ойлаймын,
Жүретін бізді жағалай.
Жиырма жыл өтіп арада,
Уақытта барад алыстап.
Қаншама уақыт өтсе де,
Кетпейсің естен қалысқап.
Отырамын оқып, Құранды,
Рухыңа сенің бағыштап.
Тұяғы едің тұлпардың,
Қанаты едің сұңқардың
Әр-қашан аман сау жүрсін,
Артыңда қалған ұрпағың.





Пікір жазу