10.09.2022
  190


Автор: Кәрім Жұмағалиев

ҚАРТАЙҒАННЫҢ БЕЛГІСІ

Өлеңі де, әні де Кәрім Жұмағалиевтікі
Қартайғанның белгісі, ұмытшақ болады екенсің,
Шаш пен сақал ағарып, буырылшақ болады екенсің.
Көзің көрмей сүрініп, ұрыншақ болады екенсің,
Құлағың керең естімей, сұраншақ болады екенсің.
Тістерің қаусап түсіп қап, ысылдақ болады екенсің,
Мұрыныңнан су ағып, пысылдақ болады екенсің.
Буыныңды тұз басып, ыңқылдақ болады екенсің,
Тәлтіректеп теңселіп, қуыршақ болады екенсің.
Қартайғанның белгісі, ұрысқақ болады екенсің,
Көбірек өмір сүрсем деп, тырысқақ болады екенсің.
Дүниеқор боп көз тоймай, сұғыншақ болады екенсің,
Таңсәріден тұрып-ап, басқаларға тұр-тұрлап,
сұңқылдақ болады екенсің.
Қартайғанның белгісі, ұялшақ болады екенсің,
Немерелерді арқалап, құлыншақ болады екенсің.
Кемпіріңнің алдында, мақтаншақ болады екенсің,
Келін мен бала алдында, жасқаншақ болады екенсің.
Қартайғанның белгісі, еріншек болады екенсің,
Болмашыға қуанып, көңілшек болады екенсің.
Жоқ нәрсеге ренжіп, мазасыз болады екенсің,
Кемпіріңнен басқаға, сыйыссыз болады екенсің.
Ең соңғы қайырмасы :
Қызықтырған жетелеп, жалған дүние бекерсің,
Өмірдің заңы осындай, амал жоқ оған не істерсің,
Өмірдің заңы осындай, еріксіз оған көнерсің.





Пікір жазу