10.09.2022
  108


Автор: Әлима Ысқақ

Дүбірлеп тойың төсіңде

Қасиетті мекен ұлы жер,
Өзіңе жаным сүйінер.
Шалғайда жүрген қызыңның,
Біле де бермес күйін ел.
Сырларын айтар үзілген,
Арманы асқақ қызың ем.
Қаласаң өрнек әсемін,
Кестелер күміс бізің ем.
Күнімнен бастап «шыр» еткен,
Сыланғам ізгі тілекпен.
Жапырағыңа да «дір» еткен,
Тілдесіп жатам жүрекпен.
Кіндік қан тамған шіркін жер,
Ұмыту сені мүмкін бе?!
Пейілің жатар тоғысып,
Ақеділ, жарқын күлкімде.
Өтсе де жаз бен күз деген,
Мекеннен мейір үзбегем.
«Ат байлар» деп іздеген,
Төркінсіз болмас қыз деген.


Ақ қайыңның бүрі едім,
Ақ таңдардан нұр емдім.
Ақ айдындай толқып көңілім,
Арнайды сәлем, тілегін!
Жыр тойын бетке алып, жыр елін,
Қыран боп ұшты-ау тілегім.
Кеудемнен кетті шапқылап,
Жұдырықтай менің жүрегім.
Құлаққа жетсе жыр-әнің,
Елеңдемей қалай тұрамын.
Ерке Ертіс, сұлу Қыранның,
Гүл саға, мөлдір бұлағын,
Келмейді естен шығарғым!
Үліңгір, Қанас тұлғасын,
Қос шіңгілдей сырғасын.
Шабытқа мініп шалқытып,
Ақындар асқақ жырласын.
Жырласын ақын, жырласын,
Ән-жырды туған тұлғасың.
Күмбірлеп күйің жаңғыртар,
Тарихыңдай биік шың басын.
Дүбірлеп тойың төсіңде,
Мерейіңді жатса өсіре.
Ақындарың мені есіне,
Алды ма екен шешіле?!
Дүбірлеп тойың төсіңде,
Думаның қызған кешінде.
Құрбыларым мені есіне,
Алды ма екен есіле?!


Дүбірлеп тойың төсіңде,
Жүйрігің шапса көсіле.
Туыстарым менің жолыма,
Қарады ма екен тесіле.
Қиықтай асыл естіге,
Дәуренім сенен көшті де...
Кім білсін басқан іздерім,
Шиырмен өзге өшті ме?!...
Деймін де сені сағынып,...
Қинайды қиял қапырық.
Сарылам таңды атырып,
Сарылам күнді бтырып.
«Мол болсын деумен несібең»,
Ақ сүтін берген төсінен.
Атажұрт мені өсірген,
Шықпайсың мәңгі есімнен.
Арыстар туған мекенім,
Ерліктің туын көтердің.
Бабалар жатқан қойнында,
Топырағыңа тауап етемін.
Алтынға балап нарқыңды,
«Алтын тау» деген атыңды.
Тау мінезді халқыңды,
Мақтаныш тұтам даңқыңды.
Мақтаныш тұтам даңқыңды,
Санатты дәстүр салтыңды.
Жыр тойың қызып саңлақтар,
Бірінен бірі артады.
Көңілде қыран саңқылы,
Ән-жырға бойың балқыды.


Ару қыз, сал жігіттер,
Өнерін төгіп шалқыды.
Осынау бетке ап жыр елін,
«Күрең»боп жуып нұр өңін.
Кеудемнен кетті шапқылап,
Жұдырықтай менің жүрегім.





Пікір жазу