10.09.2022
  77


Автор: Әлима Ысқақ

Ана толғанысы

Сүйінемін мынау жаңа аулама,
Аулам бейне жұпар атқан тау-дала.
Қол созымда жемісі тұр уылжып
Ертектегі ұқсап бақша-бауға да...
Қараймын да көзім тоймай сүйініп,
Ұмытамын тұрса да мың қиындық.
Аңсауыма Алла берген бір сый ғой,
Қарт жанымды мәз қып, маған бұйырып...
Бұлай десем түсер еске қайдағы,
Қыс, көктем, жаз... көңілімнің жайлауы.
Дос-құрбың да, асылдар да, арыстар...
Жігер жаныр рухыңның қаймағы...
Майдаларды марғауға ары асырып,
Жан жарасын жабамын ғой жасырып.
Көңілдегі көркем балғын елесті,
Алам кейде сағына бір сапырып:
Бала күнім... жайлауға алғаш барғанда,
Жидектері көздің жауын алғанда.
Топты бала тояз алып бүлдірген –
Теруден де қызық жоқ ед жалғанда!
Ел етекке түсер шақта мұрсатың,
Бола қалса бір ғанибет бұл сәтің.
Қарақат, қызылқат... таңқурай, тошала
Теретінбіз торсықтай боп пісетін...
Бал балалық жұпарыңа қанған жер,
Жидегінен бойға нәрін алған жер.
Асыл-асыл елестерге айналып,
Көкірегімде арман болып қалған жер.


Жиі-жиі ораласың есіме,
Бұл сырымды жасырайын несіне.
Мені өзіңнен алыстатып әкетті,
Тауқыметті тағдырыңның көші де...
Сол қызылқат, қарақаты... мөлдіреп,
Таңқурайы таңдайымда елжіреп.
Сонау алтын Алтайдың сай-саласы,
Мені ұзатып салған сынды соңғы рет...
Сол көркемдік көкейіме орнады,
Сағындырды орны әсте толмады.
Жарым ғасыр аңсадым-ау, ойлап па ем,
Қайта алдымнан шығады деп сондағы.
Көшіп жеттік бұл қонысқа шұрайлы,
Алтайымның бұл бір беті ұнайды...
Алма ағаштың саясына жатып ап,
Жаным тағы құстар әнін тыңдайды.
Бәз-баяғы сол әуендер ән-күй боп,
Басымдағы бұлттар аунар сан түйнек.
Сонау кезгі қарағайдың саясы,
Жатқан сынды мені қайта әлдилеп...
Көктем бола қызғалдағы құлпырар,
Сонау кезгі елестейді гүл қырлар...
Өрік , алма , алмұрт , шие ... шешектеп,
Самал желмен бақтың иісі бұрқырар.
Табиғаттың аңқып тұрған жұпарын,
Бабалардың сарқыты деп жұтамын.
Анадайда ақбас шыңдар ұқсайды,
Ата-әжеме күн сап қарап тұратын...
Сұңқарлары мекен еткен таулары,
Тұлпарлары дүбірлеткен аумағы.


Бабалардың көзі сынды бәр-бәрі,
Қарауылдап тұрған сынды аруағы.
Солар төккен қан мен тері жемістеп,
Ұрпағына тұр ғой құтты қоныс боп.
Қара-қызылқат, тошала, долана,
Үзімдері ... мөлдірейді- мені үз!- деп.
Есігімнің алды топ-топ шұғынық,
Ыстық ол да алам ұзақ үңіліп...
Балалыққа моншақ болған шұғынық,
Тұратындай жан дүниемді ұғынып...
Тағдыр, мүмкін, әр қадамда сынар бақ,
Тұйыққа да, иыққа да шығармақ...
Гүл, жидектер арасынан ал мына,
Жүргендей пәк балалығым сығалап.
Шүкір Алла, тұрған шақта жан арып,
Орай бердің жоғымды іздеп табарлық.
Өмір сүрген жарым ғасыр ананы,
Көңілімен тоғыстырып балалық.
Иә,иншалла, жақсылыққа жан асық,
Жатсын шаттық кемерінен ары асып.
Немерелер осы ауламда асыр сап,
Жеміс-жидек жейді теріп таласып,
Құлыншақтай құлдырасып, жарасып...
Бар бақытым менің ырыс-несібем,
Осылар ғой жеткен ғұмыр көшіммен.
Ұрпағыма тапқаныма құт тұрақ,
«Шүкір!» етіп төрімде еркін көсілем...
Құшағыма құлындарымды алғанда,
Теңдесі жоқ бір ғажап күй кешірем!


Қарасы мен ағы сынды көзімнің,
Ұрпағыммен бақытты бұл кезімнің.
Баянды етші бал қызығын, ей Алла,
Қанбай тұрып, келер емес көз ілгім!
Сүйінемін мынау жаңа аулама,
Аулам бейне жұпар атқан тау-дала...
Алла оңдап, аруақ қолдап , құтты іргем
Алдырмасын (әумин) дауға, жауға да!





Пікір жазу