09.09.2022
106
Мен, бәлкім, ауылдағы ақырғы ақын
Тау болса алып Абай, тозаңымын,
Бөрідей білдірмеген өз арығын.
Еңбегім – атамекен,
туған жерім,
Еңбекте ана тілі – қожалығым.
Ұлы Абай мұхит болса,
тамшыдаймын,
Саятқа саяқ шыққан аңшыдаймын.
Ауылдан ақылдасар қара таппай,
Амалсыз өзімді-өзім қамшылаймын.
Сом тұлға – Абай,
ал мен – үлпілдекпін,
Өлеңін ұлы ақынның шіркін деппін.
Қойнауын Еңбегімнің тесіп шығып,
Қайнарын жыр-өлеңнің бүлкілдеттім.
Салыпты Абай салмақ ақынға тым,
Өлеңнің әр тармағы нақыл-мәтін.
Еңбекте табан тіреп тұрып жатқан
Шығармын ауылдағы ақырғы ақын