09.09.2022
  82


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Жыр сонары

1
Жұп-жұмсақ қансонардың қар ұлпасы!
Өлеңнің сонарымен жарылқашы.
Шабытқа томағалы тұғыр болсын
Алтайдың тарғыл-тарғыл шағыл тасы.
Ұшатын сол тұғырдан ой ақ болсын,
Ұштасып пәк сезімнен тоят көрсін.
О, Муза!
Жыр сапарға бір шығайық,
Сонарда қалғып кетсең,
оят дерсің!


2
Айта алмасаң не олай, не бұлай деп,
Тарын-ай деп дүниенің,
кеңін-ай деп.
Онда сенің кигенің
шыны орнына
Мөлдіреген жылтырақ темір әйнек.
Беу, Төлеген!
Жөн мұны түсінгенің,
Не болады құр бөсіп ісінгенің?!
Дөңгелек жыл бір өлең толғамайтын
Бедеу ойдан жүдеген қысыр ма едің?!


3
Өлеңім – өз перзентім,
өс ұрпағым!
Дер шағың... мүмкін емес тосырқауың.
Үн қосып қайтқан құстың әуеніне,
Қосылып бар-жоғыммен жосылтамын.
Асықпа,
сап-сап, көңіл,
шат арманым!
Өрісті өмір атты сапардамын.
Қоршаған орта – менің кейіпкерім,
Өзім және ең басты қаһарманым.
Ақын арыз жазбайды,
өлең жазар,
Төңкеріліп түссе де төмен назар.
Көкжиегін көңілдің көтеретін
Құдіретті жыр дейтін өнер – базар.
Ақын жала жаппайды,
шын болмаса,
Жарамсақсып жатпайды сын болмаса.
Мәртебесі өлеңнің жоғары тұр,
Құлатам деу биікті –
құр далбаса.
Ақын шағым айтпайды,
жыр айтады,
Қуантады немесе мұңайтады,
Көгерсін деп өмірдің раушаны
Көбейсін деп көңілдің райханы.
Түбі барып соқтырар өкінішке,
Ақын тіпті жоламас өтінішке.
Шөлдер болсаң,
шербеттің жалынын жұт,
Бірақ шарап – өксіктің отын ішпе.
Сәтке ғана тұтанып сөнер шала,
Бір терлеуден қалмай-ақ өлер жала...
...Жүректерді нұрымен жылытатын:
Түбі мәңгі жасайтын өлең ғана!





Пікір жазу