09.09.2022
  123


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Жарыс

Өлеңде сақталар ма бүгін мәніс;
Келер ме екен қалыбына жығылған іс?!
Сұрапыл соғыс келіп
қиып түсіп,
Болмады біздің тұста құлын жарыс.
Жаңғырып ұрпақтардың байланысы,
Кәдеге жарап қалар пайдалысы.
Қатысу керек еді,
оқшау жүріп,
Менсіз-ақ өте шықты тай жарысы.
Болмас деп өлең – ермек,
жыр – алданыш;
Күйіктен өртенетін шығар намыс.
Бозым боп жігіттікке қадам басып,
Жүргенде,
өтіп кетті құнан жарыс.
Сонда да жат көрмедім өлеңді алыс,
Толассыз тоқтамайды өрен бар іс.
Үй болып, бала сүйіп жүргенімде
Менсіз-ақ бітіп қойды дөнен жарыс.
Күткенмен,
тындырған жоқ қаһарман іс,
Бұрауы – тарам жолдың қатар қағыс.
Бүгінгі жүгірістің жөні бөлек:
Басы жоқ,
аяғы жоқ
атан жарыс.
Жөн бе еді, сабыр сақтап ырғалғаным,
Қатыспай көп жүлдеден құр қалғаным?!
Жарыстан қалғаныма өкінбеймін,
Бір жүрсе өлеңіммен күллі арманым!





Пікір жазу