09.09.2022
  99


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Өзім туралы

1
Жалғызбын ес білгелі бір кіндіктен,
Қос кәрі көп армандап ұлмын күткен.
Әлпештеп дана болар деп болжаған,
Мен әлі түк айтқам жоқ білгірлікпен.
Толған жоқ: ойым – жарты, ақыл – ілмең,
Қаланбай берік, бекем жатыр іргем.
Түбінде болатын-ақ реті бар,
Жалғыздар, арқа сүйер ақының – мен.
Жоқ менде туған іні, туған аға,
Туған жер – кіндігімді жуған ана.
Өзіңе туыспын деп айтса біреу,
Жүрегім жөнеледі тулап ала.
О, өмір! Нұрын сыйлап уыстап күн,
Ішіне кіргізгендей ырыс-бақтың.
Кіндіктес бірге туған жоқ болса да,
Көңілдес, сырлас, мұңдас туыс таптым.


2
Жүрсем анық жер басып, бармын әлі,
Мінген көлік – қиялдың арғымағы.
Неше дүркін жаттығу жасап келем,
Трамплин – тағдырдан қарғығалы.
Тағдырыма налыдым түсіп еңсем,
Тұқырайтып, тұқшитып қысып ең сен.
Намысымды жанимын ерегесіп,
Елең қылмай ешкімнің ісін өлшем.
Ескермеймін сөз ерсін, мейлі, маған,
Айтам ылғи өзіме жайды ұнаған.
Туған жердің еңсесі көтеріңкі –
Алтайымнан алғаусыз айбын алам.
3
Қажетіме жаратсам құр мақтанды,
Қыздыра ма құр мақтан шындап қанды?!
Адал дейтін досымды бір қызғаныш
Мысық болып ішінен тырнап қалды.
Қызғанышқа мен қашан үйір едім,
Көп іздедім құртатын тыю емін.
Таба алмасам өзіме күйінемін,
Байқатпаған достарға сүйінемін.
Айтпаса да көрсетіп мінімді ешкім,
Қызғаныштың өзім-ақ тілін кестім.
Достарымның барында бордай тозып,
Саз балшықтай иленіп, үгілмеспін,
Мынау жарық дүниеден түңілмеспін.
Көзге түсіп ерекше білінбеспін,
Сәл иілсем иілем, бүгілмеспін.
Жақсы атағым шығуы мақсат емес,
Жаман атпен ауызға ілінбеспін.


4
Тегі, мені біреулер ұнатпайды,
Теріс пікір тез тарап тұрақтайды.
Ешкімім жоқ сыртымнан қорған болар,
Өзімді-өзім ақтамай, кім ақтайды?!
Ұстанғалы жүргем жоқ бір сүреңді,
Ұнатпайтын дос-жаран білсін енді.
Қара басып жүдемей, уайымдап,
Қатыратын жайым жоқ құр сілемді.
Ойға алмадым әркімге ұнаймын деп,
Орындала қояр ма бұлай міндет,
Табысатын кез болса, ашып айтып,
Бірімізді-біріміз сынай білмек.
Жүру емес сынасу түртінектеп,
Жуып-шайып мініңді сүртіп ептеп.
Зәрлі тілмен мазақтау емес тағы
Көмекейді тұратын күлкі кептеп.
Сына мені, тұрғанша құр қипақтап,
Қабылдаймын сыныңды ілтипатқа ап.
Пікірінен белгілі әрбір адам,
Сөздің басы авторын тұр сипаттап.
5
Болады жөнсіз езі мақтанның да,
Мінімді өзім біліп ақталдым ба,
Берілген тапсырманы оқымай кеп,
Қысылған оқушыдай... тақта алдында.
Сұрауы болар десек құр судың да,
Сынықсып кінәм үшін қымсындым ба?!
Бір сөзді айналшықтап жүрдім бе екен,
Оралған ат тәрізді қыл шылбырға?!
Артықша шалқып кеткен кездерімде,
Артынша қуыстанып сезбедім бе?!
Кәдімгі жазылмайтын дерт сияқты
Мақтану – айықпайтын безгегім бе?!
Атыңа жабысқанда-ақ әуелгі сын,
Алғашқы сол пікірге тәуелдісің.
...Өзімде жоқ пен барды қызып айтып,
Басталатын секілді дау енді шын...





Пікір жазу