09.09.2022
  128


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Сенім

Кінәмді ақтап алар, жуып алар
Өлеңімде шараптың буы да бар.
Қызуына желпініп кеткен шақта,
Мөлдіреген түбінде суы қалар.
Тазартып бар күнәдан шайып алар,
Өлеңімде үндінің шайы да бар.
Сезім деген иірім жылым десек,
Терең ғана шымырлап байып ағар.
Кінәні сығып алар, бұрап алар,
Жырымда қоңыр салқын сыра да бар.
Кей сәтте көтерілсем деңгейімнен,
Еркелікті көтерген бір ағалар.
Жырлаймын тек өзіме жайды мәлім,
Елмен бірге қуанып, қайғырамын.
Тұлпар тарпып тұрғанда көкірегімді,
Елең қылмай ешкімнің тай-құнанын.
Сырымның несін бүгіп далдалаймын;
Біткен жоқ жансар шабыт, жалған айбын.
О, қызыл шай, қызулы шарап-шәрбат,
Сеніңдер,
Мен сендерді алдамаймын.





Пікір жазу