Армысың, жаңа ғасыр!
Армысың, жаңа Ғасыр, жаңа Мың жыл!
Алғысым, құттықтаймын, талабым – жыр.
Жасанып көремін деп үміттенем,
Жасарып қалайын деп және бір жыл.
Қатары шетінеген буын-ұрпақ,
Мақалы – ортақ ойы, сыры бұлтақ.
Осалға жаңа Ғасыр бейіл бермей,
Қосар ма жаңа Мың жыл ірі тұрпат?!
Лайық өліараға бола ма сыр,
Бір айып таптырмайды жалаң асыл.
Адамға, Жаңа жылым, не сыйлайсың,
Қоғамға не бересің, жаңа Ғасыр?!
Ғарыштап шырқауыңа жетермісің,
Алыстап қайта оралмай кетермісің?!
Удай боп өртермісің көкіректі,
Судай боп құмға сіңген бекермісің?!
Өмірді өксіткенмен нала бір жыр,
Көңілді көтеретін сара нұр жүр.
Адамға не сыйлайсың, жаңа Ғасыр,
Қоғамға не бересің, жаңа Мың Жыл?!
Жаңа жыл, қай ісіңді қате дейін,
Дана жыр – сен сыйлаған батагөйім!
Сөзіммен әр тарапты аңсасам да,
Өзіңмен астарласып жатыр ойым.
Армысың,
Жаңа жылым, даңқы басым,
Бармысың, көз алдымда Сен тұрасың?!
Әріге – болашаққа қызыққанмен,
Бәрі де өте шығар артыңа сын.
Кім білсін, неге асықтың алға мұнша,
Бүлдіршін шағымыздан арман ұрса?!
Жұт мықтап ақ қайнарлы жүзім суын,
Құттықтап айналамды алғанымша.
Жаңа жыл!
Айналайын кеп қалдың ба,
Бала жыр қарсы алды ма қақпа алдында?!
Сертіңе берік болсаң,
сенер едік,
Көркі де, көңілі де тоқ тағдырға.