Мәреге жеткен жүйріктей...
Апайым менің ескінің жалқы көзі едің,
Сергітіп бойды жеңілдеуші еді сөз – емің.
Сен кеттің дағы, тартылғандай болды өзенім,
Бұл күйге енді қалайша, қайтіп төземін?!
Әкеммен туған ескіден қалған жалғыз ең,
Ақылың маған қоңыр да салқын жалбыз-ем.
Өзіңді мәңгі құшағына енді алды жер,
Тоқтатып қалай, айтылып жатқан әнді үзем?!
Апайым қайран, жаныңды менен кім сезген?
Ойыңды түгел жеткізуші едің бір сөзбен.
Өзіңдей кім бар тағдырға мынау шын төзген,
Илікпей қарап өмірге құштар нұр көзбен.
Жабысты келіп мейірімсіз ажал тас керең,
Алысты сеніп тоқсан бес дейтін жаспенен.
Сен кетеді деп ойға алып па едім әсте мен,
Бір өзің болып бағыт сілтеуші – бас кемем?!
Тоқсан бес дейін шықпады сенен сөз артық,
Үстіңе мүлде жолатпаушы едің тозаң-түк.
Маған қараған шал-кемпірлерден тазартып,
Мәңгі кеткенің бе осы жалғыз бауырыңды
боздатып?!
Мықтылығың сол ғой сырыңды сыртқа шығармай,
Қасқайып қарап жартасқа біткен шынардай.
Бар ауыртпалыққа бір өзің ғана шыдардай,
Шындықты қорғап, сол үшін жүдеп шыр алмай.
Тоқсан бес жаста тағдырға мынау илікпей,
Қайрат көрсетіп мәреге жеткен жүйріктей.
Мәңгілік болып созылып бір сәт күй бітпей,
Жаңғырық болып өте шыққаның ба сый күтпей?!