09.09.2022
  86


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Тоғыз балам

Тоғыз балам – менің тоғыз құлыным,
Тоқсан тоғыз омыртқалы жұлыным.
Тоғыз елді туыстырған тұлымым,
Тоқсан тарау тамырланған бұрымым,
Тұлыбына мөңіреген тың ұғым,
Толықсыған Тоғыз Тұлға Ұлығым!
Таралғанша мен бәрінің құлымын.
Тоғыз балам – менің тоғыз қазынам,
Тағдырыма тәңір жазған базынам.
Жаралғандай мың сан күйдің сазынан,
Таралғандай махаббаттың назынан,
Таң армандай шапағаттың жазынан,
Таранғандай тоты құсап мәз ұлан,
Тоғыз балам – менің тоғыз қазынам.
Тоғыз балам – менің тоқсан күй-әнім,
Тоғыз жүз мың тоқсан тоғыз қиялым.
Толып әбден жетілмеген қияғым,
Топқа түсіп кетілмеген тұяғым.
Тонды еншілеп оранатын ұялым,
Тік қарауға негіз болған би-арым,
Тоғыз балам – менің тоқсан күй-әнім.
Тоғыз балам – менің тоғыз жұлдызым,
Тоғыз жақтан томпаңдаған ұл-қызым.
Тоң құрсанған Мұзтау тектес шың-құзым,
Бұқтырманың талында өскен құндызым,
Жазғытұрғы қызғалдақтай қырмызым,
Тәулігімді жарық қылған күндізім,
Тоғыз балам – менің тоғыз жұлдызым.





Пікір жазу