09.09.2022
  111


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Рухпен тілдесу

Нұрлы дүние, кәнеки, кел есілші!
Әкесі өлген балаға ел неге сыншы?!
Қайран әке! Қарқара қасиетің,
Әйтеуір жерден шыққан демесінші.
Қайран әке, оралмас жолға аттандың,
Қайғы жұтып артыңда сорлап қалдым.
Қандай сырды ішіңде сақтап кеттің,
Қасіретін жұтқандай соңғы ақ таңның.
Тұнып қалған тұманың шайқалынар,
Сай-саладан мұнар да қайта арылар.
Мен үндемей жүргелі талай болды,
Қайран әке, өзіңе айтарым бар.
Жетер болса бір сәлем менен егер,
Жаңалықты есті де, кенеле бер.
Жетелейтін өзіңді таяғың боп,
Жетіліп келе жатыр немерелер.
Қимағандай ұйқысыз бір таңыңды,
Бір иіскемей аттандың ұрпағыңды.
Немереңе ұстатып көрік сабын,
Немереңе мінгіздім тұлпарыңды.
Бәрін мезгіл ұмытып көшті ілгері,
Бірақ маған сол жараң ескірмеді.
Былай тұрсын аймалау немереңді,
Беттен сүйіп көрген жоқ ешкім мені.
Әкені аңсау – екен ғой қиын арман,
зиратыңа...
сағынып жиі барғам.
Оңашада сырымды саған ашып,
Көкірегіме мәңгілік түйіп алғам.
Кенет кеттің...
Қапылыс... ақыр мүлдем...
Арпалыса кетеді-ау ақыл мұңмен.
Ауырлықты көтеріп келініңмен,
Түтініңді түтетіп жатырмын мен.





Пікір жазу