09.09.2022
131
Анама
Анажан!
Сағынғанда дәм-тұзыңды,
Көңілім толқыды да,
сан бұзылды.
Күні-түн есіл-дертің мен шығармын,
Жүрмісің жолдан күтіп жалғыз ұлды?!
Өзіңсің
сәби шақтан сая-бағым,
Мәпелеп әлпештедің,
аяладың.
Мінезің – айдын шалқар,
көл-дария,
Толқыған сезіміңді жаяды әнің.
Шомылып сағыныштың мөлдірінде,
Ғарышқа қалықтадым енді бірде.
Үйренсін,
тәлім алсын,
оқысын деп
Жібердің ноқтамды алып мол дүбірге.
Тауменен тайталасып,
шынықты екпін,
Ұшармын апай төсін тіліп көктің.
Өзіңнің құшағыңнан ұшып шығып,
Өмірдің құшағына кіріп кеттім.
Жүлдені талас қылып алғызбаған,
Қалың топ
алға қарай андыздаған.
Өсірген мыңға балап ұл-қызындай
Көзіңнің қарашығы –
жалғыз балаң!