Не көрсеттім?!
Шолжың ғып мені етті де ерке-тәйтік,
Қарттарым кетті өмірден ерте қайтып.
Жасымнан аталы сөз тәлім берген,
Отырып ұйықтағанша ертегі айтып.
Үйреткен әкем еді сөз ретін,
Мен мызғып кетсем ғана көз ілетін.
Жанарын маған бұрса су қараңғы,
Айтатын ойы бірден сезілетін.
Шешем де ескі әуенді көп білетін,
Ұршық ап әнді жіптей төктіретін.
Төркіні Жәдік жайлы сөз қозғайтын,
Қыздырып әңгіменің отты бетін.
Үйреткен әкем тағы жол ретін,
Айтқаны ақыл болып өрілетін.
Өзгенің әкесінде нем бар менің,
Өз әкем патшадай боп көрінетін?!
Анам да өлең-жырдан жиды есені,
Тағдырдың жолыққандай қилы есебі.
Алыстан ақ шатырдай елестейді
Шылауыш орай тартқан кимешегі.
Жыр десе әкем қунап, өң бітетін,
Толассыз әңгімесін өрбітетін.
Құдайдан сұрап алған жалғызына
Жалтақсыз жарылқайтын жол күтетін.
Анам да ықыласын өрекпітті,
Мейірі маған деген бөлек тіпті.
Балалық қарыз қалды мойынымда,
Аналық парызын ол төлеп бітті.
Әкем де шырқаушы еді тізіп әнді,
Килігіп ажал жетіп үзіп алды...
...Оқуда жүрген маған ақша салып,
Шыңғыстай екі ортада ізі қалды.
Болғандай екеуінің мен тірегі,
Сол кезде қаусаған шал-кемпір еді.
Терімдеп табиғаттың ырыздығын,
Мен үшін тау мен тасты тентіреді.
Шыбын жан қарттарыма ашитұғын,
Қиялшыл бала көңіл жаситұғын.
Жеткізбей қар түскенде жаяу-жалпы
Арқалап отын-шөбін таситұғын.
Екеуі қатар шықса,
айқын алдан.
Қайтадан баяғыдай айтылар ма ән?!
Мүжиді күнде мені ауық-ауық
“Сендерге не көрсеттім?”
дейтін арман