![](/uploads/shorttexts/author_image/1501128244-t-r-kopiya-kz.jpg)
Алматы мен көргенде...
Алматы – мен көргенде тыныш қала,
Төзбейтін найза, қанжар, қылышқа да.
Өтті ғой студенттік жастық шағым,
Бұйырып жатағынан бұрыш-пана.
Жастар-ай, шеттерінен асыл, зерек,
Қолдаған жиырмасыншы ғасыр жебеп.
“Большая деревня” дейтін орыс,
Алматы – мен көргенде жасыл желек.
Сол тұста жарты миллион тұрғыны бар,
Жас қала, жастары мол мың құбылар.
Той тойға ұласатын
ҚызПИ жақтан
Қыз алып қашып келіп түнгі ұрылар.
Түсірсек бәрін еске ой тізелік,
Қайыспай майыспайды кей тізе нық.
Тойдан да қалыңдықты ала қашып,
Тұманбай,
Сізге қарап бой түзедік.
Алматы – мен көргенде арық басты,
Жас көңіл қай-қайдаға алып қашты.
Сусындап кітапхана кәусарынан,
Беу, Қадыр,
Ой Сізбенен қалыптасты.
Жарқырап бәсекеде жарыс түрі,
Ой алып кеудедегі намыс тілі,
Өзіңнен бастау алған,
Оразақын,
Төлеужан, Мұқағали таныстығы.
Жастық шақ өнерлімен дәйім мәндес,
Кінәм көп, соның бәрін айырған кеш.
Аманжан, Төлеубекпен сыр шерткенде,
Жұп жазбай тыңдайтұғын Сайын, Қабдеш.
Шөп те өлең, шөңге де өлең – тұйық тетік,
Аспанын Алматының биіктетіп,
Жеткенде Ақтөбеден андағайлап,
Өтежан бір бүйірден киіп кетіп.
Алматы мен көргенде абыр-сабыр,
Жарқырап самаладай шағылса нұр.
Армандап іздейтінбіз көру үшін
Атағы дүркіреген Сағи, Шәміл.
Тықыршып арғымақтай бәске мінер,
Жастық-ай, жалын жұтып, тас кемірер.
Сәкен мен Тұрсынзада – Жетісудан
Жатқандай өсіп шығып жас перілер.
Жалғасып жарасымды мәніс құптар,
Өнерде өзгеше бір таныстық бар.
Қалихан, Әкім, Ақан жеміс беріп,
Желкілдеп келе жатты Әбіш, Мұхтар.
Жастармен күлкі аралас сыңар қақпай,
Трамвай қоңырауын шылдырлатпай.
Зейнолла Эльвирамен танысқанша,
Жұмекен келуші еді күн құрғатпай.
Жастық-ай,
іздеп ішер зәйтүн дәрі,
Алғаусыз болашақтың жейтін қамы.
Төлеген деген атым ұмытылып:
– Балапан, халің қалай? –
дейтін бәрі.
Ата, жүз сұраспаған жастау балдыр,
Рудан биік болдық,
астам да алғыр.
Шығыстан, солтүстіктен, батыстан кеп,
Алматы – бәрімізді қосқан тағдыр.
Алматы – мен көргенде тыныш қала,
Студент дейтін халық – құрыш дана.
Болмады бес жыл деген бес күнгідей,
Бұйырып жатағынан бұрыш қана.
Алматы – мен білгенде түрмен дара,
Тапқандай Алатау мен Күннен дауа.
Төрт маусым – дөңгелек жыл құлпыратын,
Мүсінін құя салған гүлден ғана.
Осында қазағымның бар батыры,
Өнерпаз суретшісі, арлы ақыны...
...Қос ағам Баламер мен Қалиханға,
Тапсырып кете бардым Алматыны