09.09.2022
  220


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Қабанбай батыр

Қазақты билегенде хан Абылай,
Көп болған нар тұлғалар дара былай.
Баян мен Малайсары, ер Бөгенбай,
Көкжарлы көкжал бөрі Барағым-ай!
Жау десе жеке кетіп жолға шығар,
Шетінен үздік туған қолбасылар.
Қорғапты ата жұртын жоңғарлардан,
Ортада Абылай хан ордасы бар.
Олжабай, ер Жәнібек, Райымбек
Жеңіске жете берген құдай үндеп.
Ұмтылған салт бойынша дәстүр сақтап,
Кезек ап жекпе-жекке шығайын деп.
Көрініп, көзге түскен жастан батыл,
Атағы соған орай аспанда тұр.
Ішінде сардарлардың болмапты ғой
Қазақта Қабанбайдан асқан батыр.
Үзеңгілес серіктері сай тасындай,
Жеңіпті жекпе-жекте қайта сынбай.
Бәрі де қазағыма қорған болған,
Ерлігін екпіндетіп айт асырмай.
Батырдың болса болар қалтарысы,
Көп сырын жатқа білген алты арысы.
Жоңғардың нояндарын шыдатпаған,
Қабанбай – батырлардың арқалысы!
Өртеніп өзегінде Отан ісі,
Өзгеріп тыныстаған от алысы.
Жоңғардың батырларын шыдатпаған,
Қабанбай – батырлардың жоталысы.
Болмаған қалқан түгіл қалқаншасы,
Жаудан бір үрей билеп жалтарсашы.
Жоңғардың сардарларын шыдатпаған,
Қабанбай – батырлардың алпамсасы.
Толғанып ерлікті айту бір басқа да,
Мақтанып артық кету – шын масқара.
Жауларын жекпе-жекте шыдатпаған,
Шыдаған Қабанбайға Қубас қана.
Батырдың жауды қуса матайды үні,
Ерекше астындағы ат айбыны.
Батырдың қосағы да батыр болған,
Майсара-Гаухар батыр аты әйгілі!
Қабанбай болған содан хан ұраны,
Халықтың аузындағы – Тәңір әні,
Өткізіп ат үстінде елу жылын,
Азат боп Абыралы, Маңырағы.
Шын аты Қабанбайдың Ерасыл-ды,
Ат алды Дарабоздай дана сынды.
Ешкімге өздігінен соқтыққан жоқ,
Ал енді жау тиіссе аласұрды.
Ұшпайды ұрпақтыға түтін қайдан,
Үш жүз жыл тарап жатыр пікір-майдан.
Сыйынды бір өзіңе иісі қазақ,
Табынды бір өзіңе бүкіл Найман.
Оралып үш жүз жылда асқа тірі
Қабанбай – қазағымның бас батыры,
Ұмыта жаздап барып жетпіс жылдай,
Қайтадан ұрпағына қосты ақыры.





Пікір жазу