09.09.2022
  93


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Қайран бабам, Қаратай!

Білігінде Жер-Ана дөңгеленген,
Ұлытауға жол түсті көлденеңнен.
Осындайда жоғың да табылады
Қазыналы, қарталы көмбелерден.
Ұлытауды ұлықтап Жүрсін Ерман
Саф алтындай салмақты жыр шығарған.
Ұлытауда қазақтың жалғыз дара
Ұларына ынтығып күрсін, арман!
Ұлытауда жүру жоқ баса-көктеп,
Әр төбеге тәу етіп, қошеметтеп.
Ұлы мақсат сапарға алып шықты,
Ұран салып, қалмайық бос әлек боп.
Қайсар намыс ұранын төмендетпе,
Ұлылыққа ұмтылмас өрем текке.
Қаратайдың зираты табылды деп,
Қуаныштан жеткендей төбем көкке.
Ұлытаудың құлпырып гүл шапаны,
Ұлық болып көрінер күн шапағы.
Зиярат етіп қайтуға ұрпағыңның
Енді ғана түскендей шын сапары.
Құран хатым түсіріп, атыңды оқыр
Бағаналы, Балталы жақында отыр.
Төрт-бес ғасыр ажырап бабамыздан,
Салып жетті ұрпағың алтын көпір.
Сұрақ басқа ұрпаққа, сынақ бөлек,
Жанға жайлы, шипалы шуақ керек.
Бабамыздың зираты бар дегенді
Еститінбіз Тайатқан Шұнақта деп.
Қуанышқа бола тек тыныс шыдар,
Текке тартпай қоймайды туыс шынар.
Қарапайым оқиға көрінгенмен,
Табылғаны – ұрпаққа ырыс шығар!
Табылғанда шаршатып, титықтатып,
Төбемізден дәм-тұзды ұйтқып татып,
Тарам-тарам ойлардың тоғысында
Тағы сапар шегердей жүйткіп бақыт.
Жаңа ғана басталған ғасыр үстін,
Кілтін тауып берердей асыл істің.
Басқа жаққа бұрылу ойымда жоқ,
Барам Бабам басына, асығыспын.
Қайран Бабам, Қаратай, бал көмейім,
Күмбезіңді ардақтап сән көрейін.
Есіміңді ұмытсам, кешір мені,
Бұдан былай мәңгілік мән берейін.





Пікір жазу