Өкпе
Қасым көп пе, білмедім, досым көп пе?
Үсті-үстіне жамалып қосылды өкпе.
Мен бауырдан жаралып, ал өзгелер...
Көтерілген жоқ еді төсім көкке.
Қысым түссе домбытып бір өкпеден,
Қысылатын сезімтал жүрек деген.
Түсініспей дүрдараз жүре берсек,
Кезі бар ма, шіркіннің, жүдетпеген?!
Жүрек-бауыр өкпемен тайталасып,
Базынасын көзбе-көз айтады ашық.
Өкпелеген бір досым сыр білдірсе,
Мен тұрамын құшақты айқара ашып.
Шешіледі түбінде дауым әлі,
Салмақ түсіп шыбын жан ауырады.
Пайдаланып осындай қиын шақты,
Тісін қайрап қастарым жауығады.
Төңірегім сырымды жүр түсінбей,
Қайраттанам жаныма мұң түсірмей.
“Сабыр түбі – сары алтын” деп білемін,
Шыдам деген бар менде бір кісіңдей.
Кенет келер тағдырдың бұйрығы көп,
Соған көнбей шабады жүйрік үдеп.
Бірқалыпты сақтаған деңгейіңді
Тәңір маған сыйлаған милы жүрек.
Бақытты ғой қажетке жараса адам,
Үлес алып жүргені тамашадан.
Қасым үшін биікпін қол жетпейтін,
Досым үшін әп-сәтте аласарам.