09.09.2022
85
Ой – қыран
Сапарда ұзақ сонар жүріп келем,
Арман көп бас-аяғы бірікпеген,
Артымда із қалмаған сияқтанып,
Көңілді қобалжытып күдік деген.
Соңыма үңілемін шолып қарап,
Жолыма шаршағандай солықтап-ақ.
Еркімше көсілейін деген шақта
Тұрады қаскөй тағдыр тобықтан ап.
Бойымды билегендей шабыт анық,
Байқаймын бағдар түзеп, бағып алып.
Алыстан талмаусырап арманымның
Үзіліп естілгендей әні талып.
Жүргенде күндегі істің күйігімен,
Көңілдің көтерілмей биігінен,
Құлазып қалам бір сәт қаңқыл қағып
Адасқан жалғыз қаздай үйірінен.
Тұтанып үміт оты болмашыдан,
Намысқа қызып қайта жолға шығам.
Қасқайып келем өлең сапарында,
Өзімді кем санамай қолбасыдан.
Қиынға қанат қағып ұмтылам мен,
Қиялмен ұласқанда ілкі дәурен.
...Ой – қыран көк төсінде зулағанда,
Қырқылжың айла қылар түлкі – дәрмен.