Өзім туралы
1
Жаныма жат өсек сөз, қысыр кеңес,
Ешкім де өтірікті ұшыр демес.
Өмірге құштар болып аңсар ауып,
Жоримын мен өңімді, түсімді емес.
Жыласақ, түбінде бір жұбанармыз,
Қайғырсақ, түбінде бір қуанармыз.
Құйрық жоқ, қанаты жоқ мына мен де
Жүрмін ғой алшаң басып туа жалғыз.
Мұңайсақ, артында бір күлкіміз бар,
Көтерер еркелікті жұртымыз бар.
Аяздай қарығанмен тағдыр кейде,
Кететін шығар еріп мүмкін ызғар.
Біртіндеп жоғалады мұз білінбей,
Жайдары жайма-шуақ күз күніндей,
Қолыңды салдыратып тарпаң өмір,
Жүйріктің басы қатты тізгініндей.
Туамыз, түбінде бір өлу үшін,
Мезгілсіз жанып тұрып сөну үшін.
Айырып жақсылық пен жамандықты,
Қақ жарып ортасынан бөлу үшін.
Келеміз, түбінде бір кетпек үшін,
Әркім де намыс жыртып жатқаны шын,
Ұласты мол дүбірлі шеру болып
Басталған жалаулатып аттанысым.
Келеді өмір сүргім ойлау үшін,
Жалғанның қызығына тоймау үшін.
Құзғының мың жасайтын мен емеспін,
Мәңгілік мына тағдыр қоймауы шын.
Күліп те, қайғырып та өтсем деймін,
Өлеңді нөсер болып төксем деймін.
Ұшырып қарлығаштай бір үмітті
Қолымды қиындарға көп сермеймін.
Тұтаттым бір ұшқынды көрігімді ап,
Өмірдің маған салсаң өрі қымбат.
Кездейсоқ келгеніммен дүниеге,
Бір жасап, мың жасамай, өлуім хақ.
Жадырап өтсем деймін ойнап-күліп,
Күнімді жылдай ыстық тойлап тұрып,
Қызықтың айдынында жүзіп жүріп,
Өмірдің жұмбағына бойлап кіріп.
2
Менің жолым тақтайдай даңғыл емес,
Өр-ылдиы бірегей таулы белес.
Мен туралы таластар толып жатыр,
Басылсыншы осы бір даулы кеңес.
Дауды шешу – емес қой тек мінәсіп,
Төреліктің жатса да екпіні асып.
Табиғаттың тамыры шартараптан
Жүрегіме жалғасып кетті ұласып.
Жариялап қайтейін мұны кімге,
Көкіректің дәмесі ірі мүлде.
Не болады әншейін берекесіз,
Кеуде керіп марқайған тірі күнде?!
Зуылдайды құс-арман зымырандай,
Көлбеңдеген көгілдір тұғыр арнай.
Көп биікке ұмтылып қайтемін мен,
Көк биікке алдымен шығып алмай.
Толтырады орны жоқ сұрау ненің,
Нақты жауап – жазылар жыр-әндерім.
Жөн-жосығын айтайын талабымның,
Ұлтым – қазақ, ал тегім – мынау менің:
Қанатымын қыранның талмай қағар,
Санатымын бір әннің таңдай қағар.
Мыңнан тұлпар шығуы екіталай,
Жүзден жүйрік бұл күнде әрқайда бар.
Шығымымын даланың күй-әнінің,
Шымырымын ақынның қиялының.
Қапияда табысқан от сезіммен
Сынығымын тұлпардың тұяғының.
Биігімін Алтайдың шың-құзының,
Қиығымын аспанның жұлдызының.
Кіріспесін өмірдің өлең ашты,
Күлім қағып алдымда тұр қызығым.
Бұқтырманың шу асау толқынымын,
Тән болмайды көкжалға олқы білім.
Өздеріңе ұсынам, замандастар,
Қанып ішер тереңнің мол тұнығын.
Жалтыраған Мұзтаудың сұр мұзымын,
Ақша беті сондай ма үр қызының!
Суық ызғар биіктен білінгенмен,
Жарқырайды алдымнан қырмызы күн.
Егіз жолдың ұйқасқан сыңарымын,
Шумақ-шумақ өлеңнің құмарымын.
Артық айтсам, амал жоқ, қызып кетіп,
Өзім ғана, кем айтсам, кінәлімін.