09.09.2022
  123


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Көздер… Көздер…

Көздер... Көздер... қандай көп түрлі көздер,
Бақыт шашып, гүл сепкен нұрлы көздер,
Бота көздер, қой көздер, бүрлі көздер,
Сынды көздер, тұңғиық сырлы көздер.
Көздер... көздер... не деген қилы көздер,
Тоқмейіл көз, аш көздер, милы көздер.
Көзде ғана сақталып қалар деймін
Көзбен ғана ұғысқан сыйлы кездер.
Алуан-алуан қат-қабат небір көздер,
Қара көздер, көк көздер, шегір көздер,
Сулы көздер, құп-құрғақ кебір көздер,
Улы көздер, қомағай жебір көздер.
Таусылмайтын санаса тым көп көздер,
Сыр ашпайтын тұйықтау үркек көздер.
“Көз – көңілдің айнасы” деп те айтады,
Нысанасын мерген көз бүркеп көздер.
Мына бір көз не деген қиын еді,
Ұшқын шашып кәрленіп түйіледі.
Өңменіңнен өтеді қарағаны,
Өртеп қана кетердей дүниені.
Аңдымай-ақ бірінің бірі аңысын,
Көздер неткен байқағыш қырағысың!
Осы жомарт табиғат адамдарға
Көзді берген аяусыз сынау үшін.





Пікір жазу