09.09.2022
  90


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Ұмытам бәрін

Ор қазсам, өзім түсем, терең қазам,
Сондықтан тек жүрейін деген мазам.
“Тек жүрсең, тоқ жүресің” дейді халық:
Ұмытып бәрін түгел...
өлең жазам...
Айтпаймын теңеу қылып жоқты барға,
Өртенбей,
үрлеп қалсаң, от тұрар ма?!
Айтпа деп әділдікті тілден тартам,
Жүргем жоқ қара таппай соқтығарға.
Топ жинап көргенім жоқ,
кеңес құрып,
Өткеннің көлеңкесін елес қылып.
Бетіне мінін басып айтып қалып,
Аламын кейбіреуді егестіріп.
Менде жоқ артық дәулет,
асқынбадым,
Жанға да ерегескен қас қылмадым.
Ешкімнен пейілімді аяғам жоқ,
Тасыдым, тау суындай тасқындадым.
Күшімді көрсетпедім зорлық қылып,
Көкірек кернемейді,
сол – мықтылық.
Біреуге шаршап келіп көмектестім,
Бұрынғы терім бойдан сорғып тұрып.
Ор қазсам, өзім түсем, терең қазам...
Бой билеп тек жүрейін деген мазам.
“Тек жүрсең, тоқ жүресің” дейді халық,
Ұмытып бәрін... бәрін...
өлең жазам...





Пікір жазу