09.09.2022
  104


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Қасиет

1
Таппадым сенен мөрдей мін,
Табыла қалса өңдеймін.
Әзілқой болсаң, бол, мейлің,
Арызқой болсаң, көрмеймін.
Дос та көп саған тілектес,
Бөлісер кезде олжадан.
Сәнқұмар болсаң, түк етпес,
Тәнқұмар болсаң – сол жаман.
Ажарың – мінсіз қарагер,
Ал тұла бойың – пәк мүсін.
Ойынпаз болсаң, бола бер,
Қойынпаз болма... нәпсішіл.
Маңдайың – ойдың орманы,
Татиды балдай таңдайың.
Сенімпаз болсаң, бол дағы,
Көнімпаз болма әрдайым.
Мен үшін жұмбақ болмысың,
Әр сәті сынақ – соңғы сын.
Мәнжубас болсаң – сорлысың,
Қалжыңбас болсаң – зор күшің.


2
Ұялшақ білмес әрнені,
Қиял шат болса, үйіп бер!
Қажырдың бітіп дәрмені,
Қарыса түсер биіктер.
Жылаңқы болма әрқашан,
Бұралқы болсаң, өзің – сор.
Өткізіп айта алмасаң,
Жеткізіп айтар сөзім – сол.
Қызғанып елді тексерме,
Өзіңде болсын сыбаға.
Үзіліп өліп кетсең де,
Қол жайып қайыр сұрама.
Бәлеқор болма антұрған,
Жалақор болсаң, жауықтың.
Мойынға кетіп ер-тұрман,
Мойытар зоры қауіптің.
Саяқты шайқап, сөз қума,
Аяқты байқап, санап бас.
Жол беріп қойма азғынға,
Жала мен жалған қанаттас.
Озғанды күндеп, олжаға
Кенелген ешкім жоқ әлі.
Қол бұлғап алдан жол жаңа,
Жұлдызың болсын жоғары!


3
Айтысқа түстім белсеніп,
Ақтарып дауды еңсеріп.
Сарқылма деген сияқты
Артымда тұрған ел сеніп.
Жазғырып жеңді,
билеп кеп,
Наз қылып берді сыйды ептеп.
Төзгендер текті болатын,
Сөздер де кетті түйдектеп.
Ерегес соғар құйын дау,
Жөн емес болар сыйынбау.
Сын айту қиын, бірақ та
Сыр айту тіпті қиындау.
Топшасы берік сүйкенді,
Соққысы кері итерді,
Аздырып бітпей жатып-ақ,
Тоздырып бітті жүйкемді.
Көрмей-ақ сыртқы,
ішкі не?
Салатын болдық түшкіре.
Азайту жеңіл сол дауды,
Сөз айту ауыр күштіге.
Кім үшін,
неге күрестім,
Жандәрмен қалай тірестім?!
Бұйырмай кетіп барады
Тиындай беті үлестің.
Нүктесі – сөздің бар мәні,
Мықты есім – көздің арманы.
Сынаға шоқпар болсам да,
Сыбаға тимей қалғаны.





Пікір жазу