09.09.2022
  85


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Екінші тыныс

Оу, ақындар!
Өнерде дарасыңдар,
Өмірде де жалғыз боп қаласыңдар.
Жалғыздықтың азабын тартып жүріп,
Жаңа күнге асығып барасыңдар,
Жанға қандай ләззат аласыңдар,
Жанын жейтін жалпының сырын ашып,
Жалқы болып қалатын данасыңдар!
Жыр лаулатып,
от болып жанасыңдар.
Жалт-жұлт етіп жұлдыздай ағасыңдар.
Жарты сөзге түсірген шомбал салмақ
Жарқын ойда жарқылдақ жарасым бар.
Қайдан іздеп қисынын табасыңдар,
Қалай біліп бояуын жағасыңдар?!
Қарсы ағатын қашаннан қасиетім –
Қайран болса,
қасқайған таласым бар.
Туған елдің тұрпатты ұлысыңдар,
Туған жерде тұлғалы ұлысыңдар.
Бір ақынның соңында қырық сайтан,
Өрт тұтанып кетпесін,
тырысыңдар,
Дерт күш алып кетпесін,
ығысыңдар.
Шартарапқа түгелдей жауаптымын,
Батыс, түстік, теріскей, шығысым бар,
Менің ғана атқарар жұмысым бар.
Адалдықтың айпара туысыңдар,
Әділдікпен айқара туысыңдар.
Хан алдында қасқайып тұрсаң дағы.
Ханша – Муза бикенің құлысыңдар.
Шын шабыттың шыңдалған жырысыңдар.
Шатқаяқтап өтпейді ірі сындар.
Баға жетпес өнердің құнысыңдар.
Болашаққа өлеңмен бір ұшыңдар.
Менің еншім өлеңде...
өздеріңде...
Өлер болсам...
екінші тынысым бар.





Пікір жазу