09.09.2022
  108


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Менде бір арман бар

Менде бір арман бар...
Ымырт түссе қалатын сам жамырап,
Ыстық-суық жалғасар арзанырақ,
Жастық шақтың жарқылдап ар жағы бақ.
Жайдарманға жалтылдақ маржан ұнап,
Жігіт жолы жөргемнен олжалырақ,
Жарасар ма сол арман шалға бірақ?!
Әр тараптан алғандай құлжа құрап,
Ақсақ қойдай түс ауа, ал, маңырап.
Қартаймайтын көңіл жас деген рас,
Тастан-тасқа секіріп арман – лақ.
Менде бір арман бар,
Дертіп тұр өмір, қаулаңдар.
Өлшеусіз алғанды,
Мөлшерсіз арманды
Алғаусыз жалғаңдар.
Менде бір арман бар
Қара жерге кіргенше айта алмайтын,
Қара суда қайраңдап шайқалмайтын.
Қамшы-нөсер жай ойнап қайқаңдайтын,
Қайырымсыз қарыздай қайтармайтын.
Қаздай қатар тізіліп байпаңдайтын,
Қара тұлпар тәрізді жайтаңдайтын.
Сол арманым тұншығып жатыр әлі
Өмір бойы өңімнен байқалмайтын,
Менде бір арман бар,
Жетілсе, даулаңдар.
Өтініп тілеймін:
Үркітіп алмаңдар.
Менде бір арман бар
Қуаласам мәңгілік жеткізбейтін,
Айтқан сертті қайта екі еткізбейтін,
Аймалап алтыбақан тепкізбейтін,
Арманыма тезірек жеткіз дейтін,
Тексіздің де түбінен текті іздейтін,
Санамалап мініңді көп тізбейтін,
Сүйегіңнен суық сөз өткізбейтін,
Салт-дәстүрсіз қоржынды сөккізбейтін.
Менде бір арман бар,
Үзігін жалғаңдар.
Шың-құзға өрлеңдер,
Төменде қалғандар.
Менде бір арман бар,
Басқа арманның бәрі де құрығандай.
Сол арманның көп жүрдім сырын алмай,
Сол арманда бабамның құны бардай,
Шұбыртпалы, төкпелі жыры қандай?!
Қара таппай жосықсыз ұрынардай,
Ұшырғанда ұйтқыған зымырандай,
Шырқап кетер бойыңнан үн ұрандай,
Сонда қалай жүргенім ұғына алмай.
Менде бір арман бар
Жасырған таулы аңғар.
Аспаннан, ақ жаңбыр,
Толассыз саулаңдар!





Пікір жазу