Қызғаншақ
Қылығы қызғаншақтың көрсе қызар,
Бүлігі қызғаныштан кеңсе бұзар.
Жазбаған жері қалмас көрсеткенде,
Аздаған жырым – шеттік берсең ұзар.
Кетпейді ұзағанмен бірақ мүлдем,
Беттейді достарыңа сынап күлген.
Тоқтығын бүлдіретін өз лаңы
Боқтығын тасығандай трактормен.
Қуырып ең дүниені тарылтады,
Сұғынып білгеніңнен жаңылтады.
Сызданып басқаларды көре алмаса,
Қызғанып қашан кімді жарылқады?!
Алдымен көршісі ғой аңдығаны,
Қаулымен айтарының даулы бәрі.
Алланың атқан оғы емес пе екен
Қарғаның төбесіне саңғығаны?!
Озғанын көре алмайды шын болса да,
Тозғанын жамандап-ақ жүр баршаға.
Бұйрықпен сөгіс алса майдай жағар,
Сыйлық пен сыбағадан құр қалса да.
Тайпалтып өсектетіп құр сырнайды,
Бой тартып ешкімнен де қымсынбайды.
Басқаның балшығына батып жүріп,
Шошқаның шалшығында сусындайды.
Сезер ем білінгенде жымысқысы,
Кезеген ит секілді тіміскісі.
Ұқпайды ақыл айтып, кеңес берсең,
Шықпайды бұдан түбі дұрыс кісі.