09.09.2022
  120


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Кедей... Бай

Кедей... кедей болған соң бай ұрсады,
Жылап тұрған кедейдің қайыршы әні.
Кедейліктің белгісі – жоқтық болса,
Байлық – орман: қарағай, қайың сәні!..
Қайыстай боп қарысып езілгенде,
Кедейлігін түсініп сезінгенде...
Ұзамай-ақ бай болып шыға келер,
Жалқаулықтан біржола безінгенде.
Жанартаудай атқанда бұққан қайнар,
Қуанышы кедейдің ұтқандай мал...
Сараңдықпен атағы шыққандардың
Бәрі дерлік кедейден шыққан байлар.
Көл болмады жетпіс жыл көп тілеуі,
Енді ие боп байлыққа ептілері...
...Қуанатын жөні бар қазағымның,
Үлес ала бастапты тектілері.


2
Бай байға асып-тасып құяр еді,
Сай-сайдың аунап түсіп қия белі.
Жайылып арнасына сыймай жату,
Мұнысы шұқанаққа зиян енді.
Адамнан қанағатсыз иман кетер,
Арманға терісіне сыйған жетер.
Бағдары кедейліктің есептеулі,
Байлықты шұқанаққа жинау бекер.
Жоқшылық жыртық-тесік желді келер,
Жітікті жігіттікпен жеңдіре бер!
Шұқанақ сыйымдылық өлшемі емес,
Кедейлік айтқызбай-ақ белгі берер.


3
Кедей байға жетем дейді, рас қой,
Бай құдайға жетем дейді, тыраш қой.
Көңілдің сәл құйқылжуы себеп боп,
Көбеюде жылаңқылау бір аш той.
Бір көрмеге дастарқаны ас та төк,
Табақтағы жая семіз, бас та тоқ.
Отағасы ниетіне қарны ашып,
Тойдан емес, жолдан қайтты басқа топ.
Кедей мәлім, бай неліктен жылаңқы,
Пейілінің алды – бейнет, мұң – арты.
Ешкім сөзге қоймаған соң тосқауыл,
Төрден орын алды өсек-бұралқы.
Кедей дәстүр жүйелемес саралай,
Жиын-терін басталған той тарамай.
Өз тойында масаяды таусылып,
Дүниеге аш көзденген жаңа бай.
Той төгіліп тұрғанымен сәндірек,
Бай көңілді, үзбей айтса әнді кеп.
Ит өлгендей іште қалып құпия,
Салтанатта сөзің болсын мәндірек.
Ортақ болып бай мен кедей тең үнге,
Оранады түбі бірдей кебінге.
Бай болса да, құдай болу мүмкін бе,
Азамат боп қалсаң жақсы, тегінде





Пікір жазу