Қожа мен кедей
Мұның қашан болғаны да белгісіз,
Сол кедейдің арманы да белгісіз.
Келе жатқан Қожанасыр дәуірден
Бір әңгіме тыңдайсыз ғой енді сіз.
Пысық емес жанып тұрған өңгедей,
Сенер сөзге жарымапты сол кедей.
Жыртық шапан, тойтық етік жамаулы,
Белбеу де жоқ жүреді екен желбегей.
Тоймаған соң майланбапты мәйегі,
Шаруамен айналмапты әйелі.
Ғұмыр бойы жалшылыққа жаралу
Кедей үшін үйреншікті жай еді.
Сәті түсіп Қожа қонды көрші боп,
(Кедей үйде лапылдар ма өршіп от!)
Ерулікке келмесе де емініп,
Келіп жатқан кедей, жалшы, қойшы көп.
Егіз қызы болса керек Қожаның,
(Айттырған ба? Біле алмадық ол жағын)
Егіз қыздың бұйымтайы жоқ онда,
Жаңа шырқап келе жатқан сөз тасып.
Ал кедейде бар боп шықты егіз ұл,
Көкіректі күмбірлеткен сері жыр.
Егіздерді таныстырып сөз тасып,
Ортасында ала құйын пері жүр.
Кедей содан құда түссін Қожаға,
Екеуі сөз байласады өзара,
Егіз қыздың қалың малы бар-жоғы:
Екі қаз боп түсі бірдей боз ала.
Қашан кедей тастүйін-ді әрдайым,
Шалқып тасып көсіле алмай бардайын.
Екі қазды сатып алар қаржы жоқ
Тауға соғып, тасқа ұрыпты маңдайын.
Іс шықпады. Айтып-айтпай не дейін?!
Уәдем бар, енді аяқтап берейін.
Егіз қызды бағамдаған Қожакең,
Екі қазды таба алмаған кедейің.