09.09.2022
  99


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Түстіктен жеткен ән

Дана Бекеноваға
Шүпірлеген тыңдаушы залдың іші,
Тастап келген бүгінше бар жұмысын.
Ішкен асын қоя сап біздің қазақ,
Басын тігер бәйгеге ән-жыр үшін.
Ән басталды Алтайдан шырқау асып,
Бір биікпен бір биік тұр таласып.
Оңтүстікке жетсінші мынау дауыс,
Қойыңдаршы анау бір қырқаны ашып!
Құлақ құрышын қандырып бабамыздың,
Көзін оттай жандырып анамыздың,
Жеті қырдың астынан естіледі,
Дауысы қандай зор еді Дана қыздың!
Ән артынан ән айтып түйдектетті,
Әнмен бірге дөңгелеп билеп кетті.
Жігіттердің жүрегін суырып ап,
Мақталыққа өзімен сүйреп кетті.
Көгершіндей ұшырып көп арманды,
Қайта түлеп шөл дала көгалданды.
Қоразданды қутыңдап кемпір мен шал,
Жаңа тауып алғандай жоғалғанды.
Мынау орман мүлгиді ұйып тыңдап,
Тыңдарманға болғандай иық құндақ.
Мен отырмын тыпыршып қозғалақтап,
Дана кетіп қалардай сүйіктімді ап!
Ән жалғасты Алтайдан шырқау асып,
Бұл биік мен ол биік тұр таласып.
...Оңтүстіктен жеткендей сүйікті әуен,
Қойыңдаршы мына бір қырқаны ашып!





Пікір жазу